
Астанада 9–11 мамыр күндері өткен дзюдодан әлемдік рейтингтік Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
10 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирін тамашалады. Жарысқа Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер қатысып, арнайы қонақ ретінде Олимпиада чемпионы Елдос Сметов келді.
Үш күнге созылған айтулы жарыста Қазақстан құрамасы 3 күміс және 6 қола жүлде еншілеп, медальдық есепте 9-шы орынға тұрақтады.
Қазақстандық жүлдегерлер тізімі:
• Ғұсман Қырғызбаев — күміс (-66 кг)
• Ерасыл Қажыбаев — күміс (+100 кг)
• Талғат Орынбасар — күміс (-60 кг)
• Мағжан Шамшадин — қола (-60 кг)
• Аман Бақытжан — қола (-60 кг)
• Абылайхан Жұбаназар — қола (-81кг)
• Есет Қуанов — қола (-73кг)
• Бақжан Байтас — қола (-100кг)
• Марат Байқамұров — қола (-100кг)
Медальдық есепте IJF құрамасы 3 алтын, 2 күміспен І орын еншілесе, ІІ орынға 3 алтын медальмен — Оңтүстік Корея, ал ІІІ орынға 2 алтын, 4 күміс, 1 қола жүлдемен Жапония жайғасты.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өткен жарысқа әлемнің 44 елінен 358 спортшы қатысып, 14 салмақ дәрежесінде бақ сынады. Қатысушылар арасында Олимпиада чемпиондары мен әлем біріншілігінің жеңімпаздары да бар.
Спортшылар үшін бұл жарыс әлем чемпионатының алдындағы соңғы Grand Slam кезеңі екенін айта кеткен жөн.
Естеріңізге сала кетсек, бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді.
Атап айтқанда, І орын үшін 1000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептелетін болады.
Фото: Сали Сабиров