
Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy әлемдік Grand Slam турнирі аяқталып, отандық спортшылар тоғыз жүлде жеңіп алды. Оның ішінде, екі қола медальды Ақтөбе облысының өкілдері – Аман Бақытжан (60 келі) мен Есет Қуанов (73 келі) еншіледі. Дзюдо мектебі қалыптасқан ақтөбелік спортшылармен Sportbugin.kz арнайы тілдескен болатын.
Өз елімізде өткен турнирдің басты жұлдыздарының бірі – Аман Бақытжан. 21 жастағы ақтөбелік өрен өзі қатысқан алғашқы Grand Slam турнирінде жүлдеге ілігіп қана қоймай, 60 келідегі әлем үздіктері – Олимпиада финалисті Ванг Вей (Тайпей) мен үш дүркін әлем чемпионатының жүлдегері Ли Харимнен (Оңтүстік Корея) басым түсті.
Аманның айтуынша, ол жарыс қарсаңында ешқандай да қорқыныш сезбеген.
«Ұлттық құрама қатарына осы жылдың басында қосылдым. Бұған дейін ересектер арасындағы Еуропа кубогы турниріне қатысып, күміс алғаным бар. Жасөспірімдер арасында тек самбо спортынан жүлдегер атандым. Ал жастар арасында Қазақстан чемпионатында, Еуропа кубогында топ жардым. U23 ел чемпионатын екі рет ұтқан соң, бас командаға шақырту алдым.
Grand Slam турниріне қатысатынымды естігенде, еш қобалжу болған жоқ. Сондай бір эмоция көрсете алмадым. Тек татамиге шыққанша асықтым. Үйдегілерді, мені бағып-қаққан ата-әжемді ойладым. Сол кісілерді жерге қаратпасам деген ой тұрды.
Тайпейлік Ванг Веймен өткен белдесу – мен үшін ең қиын кездесулердің бірі болды. Ол өте әккі балуан. Елдос Сметов ағамыздың замандасы, 60 келідегі мықтылардың біразын жеңген. Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері. Вангты жеңген соң, кімді әкелсе де, күресіп беретіндей күй кештім. Ұтыламын деген ой болмапты. Негізі, менің өзіндік әдістерім көп емес. Әлі де жетілдіру керек, әлі де тынымсыз жаттығу керек. Тек тізеден асырып лақтыратын әдісім бар, сол жақсы шығады.
Өзім Ақтөбе қаласының тумасымын. Алғашқы бапкерім – Ерман Ерғалиұлы. Бүгінде өте тәжірибелі бапкер Бекжан Әбдуәлиевтің қоластында жаттығамын. Астанада жүлде алған соң, ата-әжем қатты қуанды. Сол кісілер қуанса, ерекше қуат аламын. Бар жеңісімді соларға арнаймын, сыйақымды соларға беремін», — дейді Аман Бақытжан.
Ал тәжірибелі Есет Қуанов үшін Астана төріндегі медаль Grand Slam додаларында жеңіп алған үшінші жүлде. Бұған дейін Есет Қазан (Татарстан, Ресей) мен Әбу-Даби (БАӘ) қалаларында өткен турнирде үздіктер қатарынан көрінген.
«Бұған дейін 66 келіде күрестім. Бірақ салмақ қуу және жарақат салдарынан біраз уақыт қатардан шығып қалғанмын. Сондықтан, айналаммен ақылдаса келе, 73 келіге ауысамын деп шештім. Бұл салмаққа өткен жылдың соңында келдім. Биылдан бастап ресми жарыстарға қатыса бастадым.
Алғашқы екі жарыс – Ташкенттегі Grand Slam турнирі мен Таиландтағы Азия біріншілігінде жүлдеге қол жеткен жоқ. Астанадағы турнирде қола медаль еншіледім. Бұл маған шын мәнінде мотивация берді. Өйткені, жаңа салмаққа ауысып, әлемдік жарыстарда жүлде алу үшін айтарлықтай уақыт керек. Десе де, мен 73 келіде өзімді жақсы сезінемін. Менің бұл жетістігім жас спортшыларды жігерлендіретініне сенемін.
Қазіргі таңда өзіме күрес әліппесін үйреткен Есенжол Мисин мен Ақәділ Убаевтың қарамағында жаттығамын. Біздің алаңсыз жаттығуымызға бар жағдай жасалған. Ұлттық құрамаға келген шетелдік мамандардың әдісін де үйреніп қалдық. Эцио Гамбаның командасы осы жаттығу әдісімен 10 Олимпиада алтынын, 12 әлем чемпионатының алтынын жеңіп алған екен. Бұл жүйе бізде де жемісін береріне сенемін», — дейді Есет.
Ақтөбе облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов екі балуанның жеңісі өңірдегі жастарға жігер беретінін жасырмады.
«Дзюдо — Ақтөбедегі басым спорт түрлерінің бірі. Аталған спорт түрінен Олимпиада ойындарына қатысып, әлем чемпионатының жартылай финалына жеткен Саламат Отарбаевтың ізбасарлары жақсы қырынан танылып жатыр. 2015 жылы әлем чемпионатының күмісін иеленген Рустам Ибраев та осы өңірден. Яғни, Ақтөбе облысында дзюдодан жақсы мектеп пен жеңісті дәстүр қалыптасты деуге толық негіз бар. Астанадағы Qazaqstan Barysy турнирінде екі ақтөбелік спортшының жеңіс тұғырына көтерілгені біз үшін үлкен қуаныш. Енді біз жергілікті спортшыларды ынталандыру үшін әрі қарай жұмыс істей береміз», — деді Мейрамбек Жанболатұлы.
Айта кетелік, Астанадағы Grand Slam турниріне әлемнің 44 елінен келген 358 спортшы бақ сынады.
Жарысты тамашалауға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, IJF президенті Мариус Визер, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Олимпиада чемпионы Елдос Сметов келді.