
Халықаралық турнир жеңімпазы Ақмарал Ерекешева Sportbugin.kz сайтымызға сұхбат беріп, көркем гимнастикадағы стиль, музыка мен ішкі дайындық туралы ойымен бөлісті.
— Жарыс кезінде қойылатын музыканы кіммен бірге таңдайсыз? Бұл таңдаудағы басты критерий не — ырғақ па, эмоция ма, әлде бір естеліктер ме?
Әдетте музыканы жаттықтырушыммен бірге таңдаймыз. Маған ең бастысы — музыка ұнауы және образға сай келуі. Ең маңыздысы — эмоция. Музыканы жүрекпен сезіну керек, сонда жаттығу да жеңіл өтеді. Маған ұлттық әуендер қатты ұнайды — ол менің болмысыма жақын.
— Гимнастикалық бағдарламаңызды алғаш көргенде өзіңізге не ұнады? Қай элемент сіздің “фишкаңыз” деп айта аласыз?
Алғаш рет бағдарламамды көргенде, бәрі музыкамен жақсы үйлесіп тұрғаны бірден ұнады — қозғалыстар, ауысулар. Бұл бағдарлама дәл менікі екенін сездім.
Менің «фишкам» — бұл бұрылыстар. Олар маған ертеден жақсы берілетін, қазір түрліше орындауға тырысамын. Тағы бір ерекшелігім — мен көбінесе ұлттық әуендермен өнер көрсетемін. Бұл да менің стилімнің бір бөлігіне айналды.
— Сіз үшін жаттығу процесіндегі ең қиын — физикалық дайындық па, әлде эмоциялық дайындық па?
Эмоциялық дайындық. Дене жаттығуларына үйреніп кетесің, әрине қиын кездер болады. Бірақ жарыс алдында өзіңді жинау, қобалжымау — бұлар қиынырақ. Кейде бәрін мінсіз жасағың келіп, уайымдап кетесің. Қазір осыны жеңуге тырысып жүрмін.
— Болашақта өз бағдарламаңызға қандай ерекше идея қосқыңыз келеді? Мүмкін, ұлттық нақыш, жаңа стиль?
Қазірдің өзінде ұлттық музыкамен өнер көрсету бақытына ие болдым, бұл маған өте ұнайды. Болашақта бір ерекше нәрсе жасап көргім келеді — мүмкін, әртүрлі стильдерді біріктіріп, ерекше сюжет ойлап табу. Көрермендер таңғалып, есте сақтап қалатындай болсын деймін.
Сұхбат Ақмарал Ерекешеваның өнерге деген көзқарасын, ішкі әлемін және шығармашылық ізденістерін танытады. Оның болашақ бағдарламалары мен жаңа ізденістері көрермендерді әлі талай қуантады деген сенімдеміз.
Ақмерей Уалиханқызы