
Париж Олимпиадасынан кейін грек-рим күресінен ұлттық құрама бас бапкерінің орынтағы ұзақ уақыт бос тұрды. Юрий Мельниченко өз еркімен қызметінен кеткен соң, федерация тізгінді басқаға ұстатуға асыққан жоқ. Тек жақында ғана ұзақ жылдар бойы жасөспірімдер мен жастарды жаттықтырған Қонысбек Төкенов «классиктердің» бас бапкері болып тағайындалды. Sportbugin.kz тілшісі бапкермен шағын сұхбат жасаған болатын.
«Ұлттық құрамаға бас бапкер деген ресми ат берілді. Бірақ саналы ғұмырымда осы күрестің отымен кіріп, суымен шығып жүрген маманмын. Жасөспірімдер, жастар құрамасымен біраз уақыт жұмыс істедім. Сондықтан, командаға кеше келгенім жоқ. Қазір ұлттық құрамада жүрген балуандардың басым көпшілігі көз алдымда өсті.
Қазір менің де, балуандардың да алдында үлкен міндет тұр. Бұл міндет – қазақтан Олимпиада чемпионын шығару деп аталады. Осы үлкен істің жолында тынымсыз еңбек етеміз. Грек-рим күресінен әлем чемпионатының соңғы алтынын 1999 жылы Мхитар Манукян алды. Бақтияр Байсейітов ағамыз 1998 жылы топ жарды. Содан бері қазақ «классиктері» әлем біріншілігінде тұғыр биігіне шыға алар емес.
Ал қазақ балуандары 45 жылдан бері Олимпиада алтынын ала алмай келеді. Демеу бауырымыз алтынға бір қадам қалғанда тоқтады. Бұл біздің жүрегімізге батады. Осы мақсат бізді алға жетелей береді», — дейді Төкенов.
Бүгінде грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы Венгриядғы рейтингілік турнирге қатысып, үш медаль жеңіп алды. Қазақстан сапынан Марлан Мұқашев (55 келі) күміс, Ержет Жарылқасын (63 келі) мен Әлімхан Сыздықов (130 келі) қола жүлдегер атанды.
«Енді ұлттық құраманың үшінші, төртінші нөмірлі балуандары Германия мен Польшада өтетін халықаралық жарыстарға қатысады. Париж Олимпиадасынан кейін ресми жарыстарға қатыспаған Демеу Жадыраев та қатарда. Демеу өзін осы жарыстарда көрсетуі керек деп отырмыз.
Жадыраев, Тұрсынов сынды балуандар командаға өте қажет. Олардың тәжірибесі жас жігіттер үшін аса маңызды. Одан бөлек, ішкі бәсекелестіктің жоғары болғаны көп роль ойнайтынын айтқым келеді. Сол үшін біз резервпен жұмысты жақсартмыз», — деді бас бапкер.
Ақырыс Сейтқазы