
Даңқты қазақ бапкері Мырзағали Айтжанов шәкірті Сәкен Бибосыновтың кәсіби бокстағы алғашқы жекпе-жегіне баға берді. Бұл туралы Sportbugin.kz хабарлайды.
Сәкен Бибосынов кәсіби бокстағы қадамын сәтті бастады. Ол Бішкекте (Қырғызстан) өткен бокс кешінде филиппиндік Кристиан Леганені ауыр нокаутқа жіберген болатын. Бұл кездесу жанкүйерлердің де, промоутерлердің де көңілінен шықты.
«Бішкектегі бокс кеші жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастыру жағында бір мін жоқ. Қатысушы боксшылардың әлеуеті де өте жақсы. Сондықтан, залға жиналған жанкүйерлер керемет жекпе-жектерге куә болды.
Сәкенге келер болсам, ол өз мансабындағы алғашқы кәсіби кездесуге тыңғылықты дайындалды. Қарсыласы да осал емес. Кәсіпқой бокста да, әуесқой бокста да филиппиндік спортшылардың шоқтығы биік. Оларға атүсті қарауға әсте болмайды. Десе де, Сәкен жекпе-жекті өз деңгейімен алып шықты. Әлем чемпионатының, Олимпиаданың дуын көрген жігіт қой. Өз биігінен түскен жоқ. Біз де оның әлеуетін ашуға жұмыс істеп, тәжірибесі мен шеберлігіне басымдық бердік.
Бибосыновқа осы жарысты ұйымдастырған промоутерлер де риза болып жатыр. Осылай жарқын жеңіспен бастағасын, әрі қарай да бірге жұмыс істеуге ниетті.
Осы жекпе-жекке Сәкеннің туған ағасы да бапкер ретінде қатысты. Ол жаттықтырушылық мансабын енді бастап келеді. Одан бөлек, Қанат Алтаев деген жігітті ерекше атап өткім келеді. Қанат кезінде ауыр салмақтарда жарқырап көзге түскен боксшы. Кейін кәсіби бокстағы біраз қазақ балаларына көмектесті. Сәкенді осы жекпе-жекке дайындау барысында Қанаттың да еңбегі зор болғанын айту керек.
Әуесқой және кәсіби боксты қатар алып жүру тәжірибесі көптен қолданылып жүр. Әсіресе, көршілес өзбек боксшылары осы үрдісті қолға алды. Біз де екі бағытты ұстанып көреміз», — деді Айтжанов.
Еске салайық, Сәкен Бибосынов бокстан әлем чемпионы (2021), Олимпиада ойындарының қола жүлдегері (2021), әлем біріншілігінің қола жүлдегері (2019).