
3-5 тамыз күндері Алматыда жеңіл атлетикадан әлемдік World Athletics Continental Tour санатына енетін халықаралық турнир өтеді. Бұл бәсеке қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қосановтың атымен аталады, деп жазады Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Қосанов мемориалы 1990 жылдан бері өткізіліп келеді, ал 2021 жылдан бастап турнир әлемдік ұйымның күнтізбесіне енген.
Бұл бәсеке қыркүйек айында Жапонияда өтетін жеңіл атлетикадан әлем чемпионатына іріктеу кезеңі болып саналады.
Себебі, World Athletics ережесі бойынша спортшы әлем чемпионатына дейінгі бір жыл көлемінде республикалық деңгейден жоғары бес жарыста бақ сынауы тиіс. Содан соң, әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігі беріледі.
Биылғы Қосанов мемориалына 15 мемлекеттен келген 150 атлет қатысады деп күтілуде.
Әлемдік ережеге сәйкес, бұл санаттағы турнирлердің жүлде қоры 25 мың АҚШ долларынан кем болмауы тиіс.
Айта кетелік, Ғұсман Қосанов Олимпиада ойындарының медалін иеленген тұңғыш этникалық қазақ. Ол 1960 жылғы Рим Олимпиадасында 4х100 эстафетаға жүгіруден КСРО құрамасы сапында күміс жүлдегер атанған.