
Кәсіби бокстағы алғашқы кездесуін сәтті өткізген Сәкен Бибосынов Sportbugin.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді. Боксшы Қырғызстанда өткен кездесуді қорытындылады.
«Кездесу өзіміз ойлағандай өтті. Дайындық кезінде бауырға жасалатын соққыға басымдық беріп, көп қайталадық. Бірінші раундта тап осы бауырға соққы жасау арқылы нокдаун ашуды жоспарлаған едік. Бәрі біз қалағандай болғанына қуаныштымын. Қарсыласымды әбден зерттедім. Бұл жеңіс өзімді де, бапкерлер мен жанкүйерді де, осы жекпе-жекті ұсынған жапондық промоутерлерді де қуантып тастады.
Промоутерлер бірден екінші жекпе-жекке қатысуға ұсыныс жасады. Бірақ бұл тек мен шешетін нәрсе емес. Бокстан ұлттық құрама сапындамын, сондықтан, бас бапкердің, Қазақстан бокс федерациясының келісімімен таңдайтын боламын. Әуесқой бокстағы күнтізбеге кедергі болмайтын кездерде ғана жұдырықтасамын. Бапкерім екі жақты да алып жүретінімді айтты, солай болуы да мүмкін», — деді Бибосынов.
Осы кешті ұйымдастырған жапониялық промоутерлер Сәкен Бибосыновқа жақсы ұсыныстар жасап жатыр.
«Менің бокс мәнерім ұйымдастырушыларға ұнады. Олар менің әлемдік рейтингіде тез көтерілуіме жағдай жасап, мықты қарсыластармен кездесу өткізуге дайын екендіктерін айтты. Екі-үш жекпе-жектен соң Азияның, төртінші-бесінші кездесуде әлем чемпионы белбеуіне таласу мүмкіндігін барын айтты. Бұл әзірге алдағы уақыттың еншісіндегі дүние»,- деді боксшы.
Кәсіби бокста гонорар мәселесінің үлкен роль ойнайтыны белгілі. Бірақ Бибосынов өзі үшін ақшаның маңызды еместігін айтты.
«Маған ақша емес, нәтиже маңызды. Ақша қызық емес маған. Кәсіби немесе әуесқой бокс болсын, үздік нәтиже тіркеп, жетістікке жетсем — мақсатымның орындалғаны», — деді ол.
Сәкен Бибосынов бокстан әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Жеке бапкері — Мырзағали Айтжанов.