
Алматыда үстел теннисінен WTT Youth Contender Almaty 2025 турнирі мәресіне жетті. Азия, Африка, Америка мен Еуропа елдерінен келген 235 спортшы Алатау баурайында шын мықтыларды анықтады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Қазақстандық спортшылар бұл бәсекеде жалпы есебі жеті медаль жеңіп алды.
19 жасқа дейінгі спортшылар арасында жерлесіміз Алан Құрманғалиев күміс медаль иеленді. Ол финалдық кездесуде нейтралды спортшы Алексей Самохинге жол берді.
Сондай-ақ, 11 жасқа дейінгі теннисшілер бәсекесінде қарағандылық Злата Стадник күміске қол жеткізді. Злата ақтық сында өзбекстандық Муниса Машариповадан жеңілді.
Одан бөлек, Нұрдәулет Азаматұлы (U-13), Жәния Бекмұхамбетова (U-13), Арайлым Сапабек (U-13), Қарақат Мейірхан (U-11) және Аделя Әлжановалар (U-11) турнирдің қола жүлдегерлері атанды.
Айта кетелік, әлемдік федерацияның ұйымдастыруымен өтетін бәсеке Алматыда өте жоғары деңгейде өтті.
Фото: Қазақстан үстел теннисі федерациясы