
Футзалдан «Семей» клубы бас бапкер Аслан Смаковпен келісімшартты ұзартты. Жаңа келісім 2027 жылдың соңына дейін жарамды, деп жазады Sportbugin.kz.
34 жастағы қазақстандық маман команда тізгінін 2025 жылдың қаңтарында қолға алған болатын және қысқа мерзім ішінде көзге түсерлік нәтижелерге қол жеткізді. Наурыз айында-ақ «Семей» алматылық «Қайратты» Қазақстан кубогының финалында ірі есеппен (5:1) жеңіп, маусымның алғашқы трофейін иеленді. Кейін команда Қазақстан чемпионатының плей-офф финалына дейін жетіп, футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасына жолдама алды.
Клуб басшылығы бапкердің нәтижелерін және жұмыс тәсілін жоғары бағалап, келісімшартты ұзарту стратегиялық шешім болғанын атап өтті.
«Аслан өз ісінің маманы әрі жүйелі жұмыс жүргізе алатын көшбасшы ретінде өзін танытты. Ең бастысы – клубты Семейдің тумасы, ісіне және командаға шын берілген адам басқарып отырғанын жоғары бағалаймыз. Бұл – біздің клубтың болмысын айқындайтын маңызды фактор. Келісімшартты ұзарту – тұрақтылықты, дамуды және клуб позициясын ел ішінде де, халықаралық деңгейде де нығайтуды көздейтін бағыт», — деді клубтың бас директоры Азамат Аселкан.
Өз кезегінде Аслан Смаков келісімнің маңыздылығын атап өтті:
«Бұл – менің кәсіби мансабымдағы маңызды кезеңнің жалғасы. Клуб басшылығына сенім артқаны үшін, ал ойыншылар мен жанкүйерлерге – бірлесе қалыптастырған атмосфера үшін алғысымды білдіремін. «Семейдің» нақты мақсаттары бар, мен осы жолдың бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын».
Қазіргі таңда «Семей» жаңа маусымға дайындық жүргізіп жатыр. Алғашқы ресми матч 23 тамыз күні өтеді – Қазақстан Суперкубогы үшін кездесуде команда ел чемпионы алматылық «Қайратпен» күш сынасады.