
Грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев араға бір жыл салып, Дортмундағы (Германия) Гран-при турнирінде жеңіске жетті. Балуанның ұзақ үзілістен кейінгі белдесулері туралы жеке бапкері Боранбек Қоңыратов пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
«Олимпиададан кейін қатарға оралу кім-кімге де оңай емес. Жүлде алып келген соң, ел-жұрт қошеметке бөлейді. Одан бөлек, Олимпиадаға қарқынды дайындалған спортшы да кішігірім демалысты қалайтыны анық. Париж ойындарынан кейін Демеу де демалды, халық алақанына салды, құшағына басты.
Содан соң, кілемге қайта тартатын кез болады өзі. Демеу екеуміз әрі қарай күресті жалғастырамыз деген шешімді Олимпиададан кейін-ақ қабылдағанбыз. Сондықтан, жиналып, бабымызға енерімізге сендім. Жаттығуды бастап кеттік.
Иә, бас бапкер өзінің пікірін айтты. Егер осы турнирде жүлдеге ілікпесек, құрамадағы орын сақталмайтынын ескертті. Әрине, біз де Олимпиададан жүлде алғанымызды міндет қылғанымыз жоқ. Олимпиаданың күмісі қолда, бізге барлық жол ашылсын деген ойдан адамыз. Ешкімнің орнын тартып алмаймыз. Қайтадан өз биігімізге шығып, әділетті түрде жеңуді көзейміз.
Ал Германияда Демеу бірқатар балуандармен белдесті. Арасында жастар мен жасөспірімдер арасында көзге түсіп жүргендер бар. Бәрін бір деммен, өз стиліне сай жеңіп шықты. Финалда кездескен венгр балуаны белдесу соңына қарай күреспей қойды. Жеңілгенін мойындады. Негізі, венгр балуандарының физикасы мықты, күші көп. Демеу күрес кезінде тактикасын өзгертіп, әдемі жеңді», — деді Боранбек Қоңыратов.
Айта кетелік, әзірге Демеу Жадыраевтың биылғы әлем чемпионатына қатысу мәселесі әлі белгісіз.