
Бокстан әлем және Азия чемпионы Бекзад Нұрдәулетов журналист Ақырыс Сейтқазыға берген сұхбатында төрешілікке қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
«Қазір төрешілікте мәселе бар, ол көп айтылуда. Біз мұны Токио Олимпиадасынан бастап айттық, бірақ ешкім мән бермейтін. Сол уақытта сол мәселеге мән берілмеген соң, Парижде де бұл жағдай қайталанды. Енді алдағы Лос-Анджелес Олимпиадасында бұл жағдай жойылса екен деп тілеймін. Төрешілердің бүйрек бұратынына енді назар аударылып жатыр.
Негізі, біздің қазақ боксшысы жекпе-жекте жеңіліп, бірақ төрешілер жеңісті алып берді деген жағдай мүлде болмаған. «Біздің бала ұтылып тұр еді, бірақ төрешілер болысты», — деген әңгімені естігенім жоқ. Керісінше, ұтып тұрған жекпе-жекті қарсыласқа бере салатын сәттер көп.
Біз үшін мұндай жеңіс керек емес. Біз жеңсек, таза, әділ жеңеміз. Өзің де келесі жолы абыроймен жүру үшін керек бұл. Қазақ боксшыларын төрешілер ешқашан сүйреген жоқ», — деді Нұрдәулетов.
Айта кетелік, Бекзад Нұрдәулетов Ливерпульдағы әлем чемпионатында бақ сынайды.