
Отандық сазгер Бауыржан Ақтай өзінің «Алаш аманаты» туындысын көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының қолдануына тыйым салды. Бұл туралы бапкер Меурерт Балғынбаева мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
Бразилияда көркем гимнастикадан әлем чемпионаты аяқталды. Бұл бәсекеге Қазақстан командасы жекелей және топтық сында қатысқан болатын.
Меруерт Балғынбаева жаттықтыратын топтық команда 5 таспамен жаттығуға қазақы әуендерді таңдаған. Соның ішінде, Бауыржан Ақтайдың «Алаш аманаты» туындысы да қолданылады. Бұл жаттығуды Қазақстан құрамасы маусым басынан бері әлемдік жарыстарда пайдаланып келеді. Алайда, композитор Бауыржан Ақтай әлем чемпионаты кезінде ескерту жасап, тыйым салған.
«Мен ешқашан постановка қоюға рұқсат берген емеспін. Сіздер менің шығармамды рұқсатсыз пайдаландыңыздар. Мен өз басым шығарманы билеу үшін жазбаймын! Басқа әуендер толып жатыр, соларды алыңыз», — деген Ақтай бапкерге жазған хатында.
Ал Мерует Балғынбаева болса, бұл әуенді Қазақстанды әлемдік аренада насихаттау үшін таңдағанын айтады.
«Бүкіл әлем қазақтың музыкасын біліп, естісін дедік. Өзіміздің қазақтың музыкасын таңдадық. Сіз мені қатты таң қалдырып отырсыз. Бірақ мен осыған бола, қазақ әуендерін таңдамай қоймаймын. Енді басқа авторлардың туындыларын қараймын», — деді жаттықтырушы Меруерт Балғынбаева.
Айта кетелік, Балғынбаеваның төл шәкірті, жастар арасындағы 2 дүркін әлем чемпионы Ақмарал Ерекешованың таспамен жаттығуы да қазақша әуенге қойылған.