
Бүгін Алматыда еркін күрестен Қазақстан құрамасын әлем чемпионатына шығарып салу рәсімі өтті. Балуандарға ақ жол тілеу үшін Дәулет Тұрлыханов бастаған отандық спорт майталмандары келді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
13-21 қыркүйек күндері Хорватияның Загреб қаласында күрес түрлерінен әлем біріншілігі өтеді. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы байрақты бәсеке алдындағы соңғы жаттығу жиынын өткізуде.
Мадияр Құрамысов жаттықтыратын еркін күрес шеберлеріне ақ жол тілеп, ақ тілегін арнауға Қазақстан күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, еркін күрестен Қазақстан құрамасының бұрынғы жаттықтырушылары Мәлік Нәдірбеков пен Алтай Танабаев, өнер жұлдызы Медеу Арынбаев пен күрес федерациясының вице-президенттері, Бас хатшы, Алматы қалалық күрес федерациясының басшысы Омар Әлиев келді.
«Бұл өте қуанышты сәт. Біз де КСРО командасында жүргенде Еуропа, әлем, Олимпиада ойындарына қатыссақ, ортаға шығаратын. Сол сәтке жету үшін қаншама қиындықтан өтетінбіз. Сондықтан, Загребте (Хорватия) өтетін әлемдік сында ел намысын қорғайтын балуандарға сәттілік тілеймін. Қазір Қазақстандағы нөмірі бірінші спорт – еркін күрес. Соңғы екі жылда Ризабек Айтмұхан мен Нұрғожа Қайпанов әлемдік сыннан алтын алып келді. Кеше ғана Едіге Қасымбек жастар арасында әлем чемпионы атанды. Ирандық, америкалық балуанды жеңгенін көріп, қатты қуанып қалдым. Енді алдағы дүбірлі сында бозкілемге шығатын білекті балуандарға сәттілік серік болсын», — деді Дәулет Болатұлы.
Жиында сөз алған ардагер жаттықтырушы Мәлік Нәдірбеков спортшыларды ештеңеден қорықпауға шақырды.
«Бұл бәсекеде оза шабуға күштерің жетеді, баптарың да келісіп тұр. Тек қатысып қайтпай, олжалы оралыңдар», — деп батасын берді бапкер.
Алматы қалалық күрес федерциясының президенті Омар Әлиев спортшыларды психологиялық тұрғыда мықты болуға шақырды.
«Әлем чемпионатының басталуына бір аптадан аз уақыт қалды. Осы соңғы жиын сіздер үшін пайдалы болсын деп тілеймін. Ең бастысы – психологиялық тұрғыдан сынып кетпей, мықты болыңыздар!», — деді Омар Әлиев.
Спортшылар атынан команда капитаны Азамат Дәулетбеков сөз алып, Хорватияда ел намысын абыроймен қорғауға уәде берді.
Еркін күрестен әлем чемпионатында бақ сынайтын Қазақстан құрамасы:
57 келі: Әділет Әлмұхамедов
61 келі: Асылжан Есенгелді
65 келі: Начыын Куулар
70 келі: Нұрғожа Қайпанов
74 келі: Әлібек Әбдіқасымов
79 келі: Болат Сақаев
86 келі: Азамат Дәулетбеков
92 келі: Камиль Куруглиев
97 келі: Ризабек Айтмұхан
125 келі: Әлішер Ерғали
Бас бапкер: Мадияр Құрамысов