
Қазақстан күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов Загребтегі (Хорватия) әлем чемпионатына аттанатын балуандарға ақыл-кеңесін айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Айта кетелік, бүгін Алматыдағы Олимпиадаға даярлау орталығында еркін күрестен Қазақстан құрамасын әлем біріншілігіне шығарып салу рәсімі өтті.
Балуандарға сәттілік тілеу үшін отандық күрес ардагерлері, Олимпиада чемпиондары және Қазақстан күрес федерациясының басқарушы құрамы келді.
Жиында сөз алған Қазақстан күрес федерациясының президенті, грек-рим күресінен аты аңызға айналған балуан Дәулет Тұрлыханов спортшыларды әлемдік сында аянбауға шақырды.
«Қарсыластың функционалдық, физикалық қасиеттерін сіздер жатқа білулеріңіз керек. Қорықпау керек. Біреудің күресіне берілмеулерің қажет. Бір-бірлеріңді жаттап алуларың керек. Әрине, бірінші кезекте мінез керек. Мінезсіз бұл өмірде ешқандай да жеңіске жете алмайсыздар. Қыздың жүрегіне жол табу үшін де мінез керек», — деді Дәулет Тұрлыханов.
Айта кетелік, Хорватиядағы әлем чемпионаты 13 қыркүйекте басталады.