
Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Сабыржан Аққалықов әлем чемпионатының алғашқы айналымында жеңілген соң, жанкүйерлерге мәлімдеме жасады, деп жазады Sportbugin.kz.
«Бұл әлем чемпионаты мен үшін аяқталды. Кей жерде дұрыс істемедім, кей жерде шамам келмеді. Айтарға сөз жоқ.
Ал спорттың барлық сыншыларына айтарым – ауыздарыңызды жапқан дұрыс болады.
Біздің қанша жаттығып, дайындалатынымызды, туыстарымызды қанша уақыт көрмейтінімізді, жаттығуды қанша тер төгетінімізді білмейсіздер. Осының бәрі еліміздің көк туын көтеру үшін жасалады.
Сіздер тек тұғыр биігін, спорттың жақсы жағын ғана көресіздер. Жеңсе — мақтайсыздар, жеңілсе — даттайсыздар. Спортты болжау мүмкін емес. Бүгін чемпион болсаң, ертең жай ғана қатысушысыз», — деп жазды Аққалықов.
Айта кетелік, 75 келіде бақ сынаған Сабыржан Аққалықов бірінші кездесуде украиналық боксшыға есе жіберді.