
61kg FS - Assylzhan Yessengeldi (KAZ) df. Jaxen Patrick Forrest (USA)
Еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелді әрдайым еңбекқорлығымен көзге түскен. Бұл туралы спортшының бапкері Еркебұлан Кешубаев мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
«Асылжан біздің «Шаңырақтағы» мектепке 9-сыныпта келді. Өте еңбекқор, тәртібі тамаша жігіт. Қақ-соқпен жұмысы жоқ, бапкердің айтқанын асыра орындайды. Оның еңбекқорлығы сонша, жаттығуға ерте келіп, кеш кетеді. Тіпті, түнге дейін қалып қойғасын, оны үйіне қайтарып, залдан қуып шығатынмын. «Демал, әрі қарай ертең жаттығасың», — дейтінмін.
Кеше Асылжан ересектер арасындағы алғашқы медалін алды. Қарсыласы Патрик Форрест те осал емес. Көрдіңіздер. Бұл жекпе-жекте біздің балуанның жеңіске деген жігері мықты болды. Сол ерік-жігер мен намыстың арқасында жеңіп шықты деп ойлаймын.
Ал белдесу соңындағы жағдайға келер болсақ, бұл — кілемдегі төрешінің қателігі. Ресейлік төреші осындай әрекеттерімен танымал. Үнемі даулы шешім шығарады. Кезінде Адам Сайтиевтің өзі сол төрешімен сөзге келіп қалған», — деді Кешубаев.
Еске салайық, Асылжан Есенгелді Түркістан облысының тумасы. Бүгінде Ролан және Еркебұлан Кешубаевтардың қоластында жаттығады.