Жапонияның Токио қаласында өткен XXV Сурдлимпиада ойындары Қазақстан командасы үшін сәтті аяқталды. Осы додада ұлттық құрама сапында сынға түскен ақтөбелік спортшылар да әлем мықтыларымен иық тірестіріп, айтарлықтай жақсы нәтиже көрсетті. Әсіресе, жеңіл атлетикадан бақ сынаған үш спортшымыз – Ерлан Сүйеуәлиев, Қуаныш Қырықбай және Даниил Щелоковтар эстафетада алғашқы алтылыққа енген болатын, деп жазады Sportbugin.kz.
Қуаныш Қырықбай 400 метрге жүгіруден аралас эстафетада сынға түсіп, Қазақстан командасы сапында бесінші орынға табан тіреді. Ал Ерлан Сүйеуәлиев, Қуаныш Қырықбай және Даниил Щелоков үштігі ерлер эстафетасында финалға шығып, алтыншы орынға иек артты.
Жеңіл атлетикадан Қазақстан сурдлимпиадалық құрамасының аға жаттықтырушысы Богдан Весельскийдің мәліметінше, ақтөбелік үш спортшы да Токио төрінде бар өнерін салып, аянып қалмаған.
«Даниил Щелоков Токио Сурдлимпиадасында командаға үлкен қолдау көрсетті. Ол спринттен ұлттық құраманың нағыз үздігі. Ол бірнеше рет жекелей сында өнер көрсетіп, командалық эстафетада көмекке келді. Ол қысқа қашықтыққа жүгіруден ұлттық құраманың ең жас әрі талантты спортшыларының бірі. Алдағы Сурдлимпиада ойындарында Данилдың 200 және 400 метрге жүгіруден финалда бақ сынайтынына сенімім мол», — дейді аға бапкер.
Щелоков қысқа қашықтықта жүгірудің шебері болса, Ерлан Сүйеуәлиев алыс қашықтықта жүгіруге бейім.
«Токио Сурдлимпиадасында Ерлан 400 және 800 метрге жүгіріп, жақсы нәтиже көрсетті. Оны мықты стайер деп айта аламын. Ал эстафетада алғашқы алтылыққа енуімізге тап осы Ерланның көмегі көп болды. Біздің командамыздың үздіктер қатарына қосылуына себепкер атанған спортшылардың бірі», — дейді Весельский.
Ал 200 метрге жүгірген ерлер арасындағы сында Қуаныш Қырықбай өзін жақсы жағынан көрсетті.
«Қуаныш Қырықбай 200 метрге жүгіруден Сурдлимпиаданың жартылай финалында ең мықты деген бәсекелестерінен озып кетті. Бұл бізді қуантпай қоймайды. Сондай-ақ, ол 400 метрлік эстафетада командаластарына көмекке келді. Қаншама команданы басып озып, алғашқы алтылыққа ендік. Бұл жақсы нәтиже», — дейді ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Богдан Весельский.
Айта кетелік, Токиода өткен Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 8 алтын, 4 күміс және 13 қола медаль иеленді.
Жалпыкомандалық есепті Қазақстан 9-орынға тұрақтады.
