Дубайда өтіп жатқан ІВА әлем чемпионатында тағы бір қазақ боксшысы жеңілді. Төрешілердің күмәнді шешімімен Санатәлі Төлтаев өзбекстандық Олимпиада чемпионы Асаходжа Муйдинходжаевқа есе жіберді, деп жазады Sportbugin.kz.
67 келі салмақтағы ширек финалдық бәсекеде Санатәлі Төлтаев өзбектің атышулы боксшысы, екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы Асаходжа Муйдинходжаевқа қарсы тұрды.
Кездесу барысында Санатәлі атағы дардай боксшыдан еш сескенген жоқ. Бірақ бірінші раундта өзбек боксшысы баспен соққы жасап, Төлтаевтың қабағы жарылып кетті.
Төрешілер бірінші раундта 3:2, екінші раундта 4:1 есебімен жеңісті Муйдинходжаевқа берді. Жанкүйерлер пікірінше, екінші раунд толығымен Төлтаевтың басымдығымен өткен.
Осылайша, кезекті қазақ боксшысы жарыс жолынан шығып қалды. Асаходжа Муйдинходжаев Ливерпульде өткен World Boxing әлем чемпионатында Ертуған Зейнуллиновтен басым түскен.
Асаходжаны нокаутпен жеңген жалғыз қазақ боксшысы — Асланбек Шымбергенов. Ол 2023 жылғы Азия ойындарында өзбек боксшысын есеңгіреткен болатын.
