Дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов жаттығуға оралды. Бұл туралы оның жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
«Елдостың жаттығуды бастағанына он шақты күн болып қалды. «Жекпе-жек» сарайында дайындық жүріп жатыр. Ұлттық құрамадан әзірге бөлек жаттығудамыз, алдағы уақытта құрама қатарына қосыламыз.
Елдос кәсіби спортшы ғой, сондықтан, жаттығуды бастаған бойда қалпына келе бастады. Бірақ жақын арада жарысқа қатысамыз деп айта алмаймын. Әлі уақыт керек.
Екеуміз шамамен қай турнирге дейін бабымызға енетінімізді біліп отырмыз. Алайда, әзірге ашып айтуға ерте», — деді Жылгелдиев.
Айта кетелік, Елдос Сметов Париж Олимпиадасынан кейін ешбір жарысқа қатысқан жоқ.
