Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне бірнеше үміткерді қарастырып жатыр, деп хабарлайды ASnews.kz.
Олардың бірі — Португалия жастар және олимпиада құрамасының бұрынғы бапкері Руй Жорже. Биыл ол қызметінен кетті, ал оның командалары ірі турнирлерде, соның ішінде 2016 жылғы Олимпиада ойындарында тұрақты өнер көрсетті. Футболшы ретінде Жорже «Порту» және «Спортинг» сапында ойнап, Португалия чемпионатында жеті рет топ жарды, төрт рет ел Кубогын және алты рет Суперкубокты иеленді. Ұлттық құрама сапында 45 ойын өткізіп, бір гол соқты.
Айта кетейік, Жорже кандидатурасы басымдыққа ие емес, сондықтан оның бас бапкер болып тағайындалу ықтималдығы төмен.
Бас бапкер қызметіне тағы бір үміткер — уэльстік Крис Коулман. Ол бапкер ретінде өз ұлттық құрамасын 2016 жылғы Еуропа чемпионатының жартылай финалына шығарған. «Манчестер Сити» академиясының түлегі футболшы ретінде «Кристал Пэлас», «Блэкберн», «Фулхэм» және «Суонси» сияқты бірқатар ағылшын клубтарында ойнаған. Ал бапкер ретінде «Фулхэм», «Реал Сосьедад», грекиялық «Лариса» мен «Атромитос», «Сандерленд», қытайлық «Хэбэй», бельгиялық «Ауд-Хеверле Левен» клубтарын жаттықтырған. Қазіргі уақытта маман грекиялық «Астерас» клубында жұмыс істейді.
Үшінші кандидат — 2023-2025 жылдары өз ұлттық құрамасын жаттықтырған польшалық бапкер Михал Пробеж. Ол Польшаның жетекші клубтарында, соның ішінде «Висла», «Лехия», «Ягеллония» және басқаларында жұмыс істеген.
Бұған дейін Қазақстан футбол федерациясының тізімінде италиялық Массимо Каррера (мәскеулік «Спартактың» экс-бапкері) және Швеция құрамасының бұрынғы бапкері Янне Андерссон болған еді. Каррера отбасылық жағдайына байланысты Қазақстанға ұшып келе алмаса, Андерссон бапкерлік мансабын аяқтады.
Қазіргі уақытта ұлттық құраманың бас бапкері міндетін қазақстандық Талғат Байсуфинов атқаруда.
