Хорватияның Загреб қаласында күрес түрлерінен рейтингілік турнир аяқталуға жақын. Өкінішке қарай, балуандарымыз әлі жүлдемен қуанта алар емес, деп жазады Sportbugin.kz.
Грек-рим күресінен 63 келіде сынға түскен Дастар Зарлыханов әзірге ең үлкен нәтижені тіркеді. Ол қола медаль үшін күресте Иран балуанына жол беріп, бесінші орын алды.
Осы салмақта сынға түскен Айдос Сұлтанғали бір ұпай айырмасымен молдовалық Виталий Еременкодан жеңілді. Сондай-ақ, Құрман Сайфолла жұбаныш белдесуінде сүрінді.
67 келіде сынға түскен Ержет Жарлықасын түркиялық Мұрат Фыраттан 5:8 есебімен ұтылса, Дін-Мұхаммед Қошқар норвегиялық балуанға есе жіберді.
77 келіде Мерей Мәулетханов өзбек балуанына, Тамерлан Шадукаев үнді балуанына жол берді.
87 келідегі Нұрсұлтан Тұрсынов Хорватия өкілінен, Мақсат Сайлау Венгрия спортшысынан жеңілді.
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасын Қонысбек Төкенов жаттықтырады.
