Әйелдер күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас жаттықтырушысы Қайрат Сағадиев командадағы бапкерлік өзгерістер туралы пікірін айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Айта кетелік, осы аптада әйелдер күресінен ұлттық құрама тізгіні Нұрсұлтан Теміровке тапсырылды. Ол бұған дейін даңқты балуан Жәмила Бақбергенованы жаттықтырған.
«Әйелдер күресі – өте нәзік әрі жауапты сала. Бұл жерде тек әдістеме емес, спортшының психологиясын түсіну, оның бойына сенім орнатып, дұрыс бағыт бере білу маңызды. Ал Нұрсұлтан Теміровтің бойында осы қасиеттердің бар екенін білемін. Сондықтан, ол командаға жаңа серпін беріп, жұмысқа тың көзқарас алып келеді деп ойлаймын.
Нұрсұлтанның бас бапкер болып тағайындалуы уақыт талабына сай қабылданған дұрыс шешім. Жаңа қызметімен шын жүректен құттықтаймын және осы жауапты жұмыста табыс тілеймін! Өз ісіне адал, еңбектен қашпайтын, күрестің ішкі жүйесін жақсы білетін маман.
Құрамамен көптен бері жұмыс істеп жүргендіктен, оның спортшылармен тіл табысу, жаттығу процесін ұйымдастыру, командалық жұмыс жүргізу жағынан тәжірибесі жеткілікті. Қажет болса, әрдайым қолдауға дайынмын, — деді Қайрат Сағадиев.
Еске салайық, Қайрат Сағадиев бұған дейін әйелдер құрамасының бас бапкері қызметін атқарған.
