Бакуде алғаш рет грэпплингтен AIGA UWW турнирі ұйымдастырылды. Аталған сынға UWW президенті Ненад Лаловичтің өзі арнайы келді. Сондай-ақ, отандық грэпплингтің дамуына тікелей атсалысып жүрген Төлеген Құмаров жаңа қызметке тағайындалды, деп жазады Sportbugin.kz.
Әлемдік грэпплинг тарихындағы маңызды оқиға — алғашқы AIGA UWW турнирінде ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, стратегиялық бірігу жүзеге асырылды.
United World Wrestling президенті Ненад Лалович AIGA турнирінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтіп, команданың кәсібилігін, спортшылар құрамының мықтылығына және бұл қадам аталған спорт түрінің болашағы үшін аса маңызды екеніне тоқталды.
Жиынға Грэпплинг, панкратион және ММА комитеті төрағасы Намиг Алиев, ұйымның вице-президенті Адриан Бакос және комитет мүшесі Гаджи Гаджиев қатысты. Басқосуда отандық маман Төлеген Құмаровты UWW Әлемдік грэпплингті дамыту жөніндегі басшылық қызметке тағайындау туралы шешім қабылданды.
Төлеген Құмаров AIGA (Amateur International Grappling Association) турнирінің негізін қалаушы және BJJ қара белбеуінің иегері. Ол аталған спорт түрін Қазақстанда тұрақты дамытып келе жатқан тұлғалардың бірі.
Бұл шешім спорт түрінің әлемдік деңгейде кеңеюіндегі жаңа тарауды ашады. Күш-жігерді біріктіру, жүйелі тәсіл және AIGA турнирлерінің жоғары стандарты тұрақты дамудың берік негізін қалыптастырады.
