Милан Олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы бәсеке аяқталды. Қазақстандық Михаил Шайдоров араға 32 жыл салып, елімізге Олимпиада алтынын сыйлады. Қысқа бағдарламадан соң бесінші орында тұрған жерлесіміз еркін бағдарламада мақтаулы Малининді артқа қалдырды, деп жазады Sportbugin.kz.
Михаил Шайдоров!
Алматының алақандай мұз айдындарында өскен бала. Денис Тен сияқты, ол да кезінде жаттығатын мұз айдынын таппай, талай сандалды ғой… Бапкер іздеді, жаттығуға ақша іздеді, жарысқа баруға қаражат таппай қиналды. Тіпті, өнер көрсететін костюмдерін тігуге қаржы таба алмай, қиындық көрген кездері де болды. Қымбат спорт қой бұл! Оның үстіне, Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың қалыптасқан мектебі, толып жатқан мұз айдыны, әлемдік деңгейдегі спортшыларды үздіксіз тәрбиелеп шығаратын жүйесі бар деп те айта алмаймыз. Бірақ бүгін сол қымбат спорттан ең қымбат медаль қоржынға түсті! Олимпиада алтыны! Қазақстан қысқы спортта 32 жыл күткен АЛТЫН!!! Бұл алтынды 21 жастағы жіптіктей жігіт алып берді. Қысқы спорттың дамыған инфрақұрылымы, осы бағытта қалыптасқан алып мектебі жоқ Қазақстаннан шыққан бала! Ойлашы, ғажап қой!!! Бір кездері жаттығуға мұз таппай жүрген спортшы бүгін бүкіл әлем тамашалаған Олимпиада төрінде алтын медаль тағынды. Мұның өзі дайын сценарийден де әсерлі оқиға емес пе?!
Михаил мәнерлеп сырғанаудың алып империялары саналатын АҚШ, Жапония, Ресей, Францияның мен деген спортшыларымен бәсекеге түсіп қана қойған жоқ, бәрін артқа тастады!
Мақтаулы Малинин қайда?! Тас-түйін дайындықпен келген жапон Кагияманың да мысын басты ғой! Әлемнің үздіктері жиналған айдында Қазақстанның әнұраны шырқалды! Кеше ғана медальға үміткерлер қатарында аталған Миша бүгін Олимпиада чемпионы атанды. Оның үстіне, қысқа бағдарламадан кейінгі жағдайды ескерсек, мұндай нәтижені екінің бірі болжай қоймаған шығар.
Тарих осылай жазылады…
Біреулер үшін бұл – кезекті спорттық жеңіс шығар. Ал біз үшін мұның мағынасы әлдеқайда тереңде жатыр. Бұл – Қазақстанда қысқы спорттан да Олимпиада чемпионы шығатынын дәлелдеген жеңіс. Бұл – мүмкіндігі шектеулі ортада да әлемдік деңгейге көтерілуге болатынын көрсеткен нәтиже. Ең бастысы, бұл – талай қиындыққа қарамастан, өз мақсатына жеткен жігіттің жеңісі.
Денис Тен салып кеткен жол жайлап болса да жалғасып келеді. Денистің Олимпиададағы қоласы, әлем чемпионатындағы күмісі мен алтыны мәнерлеп сырғанаудың Қазақстанда да үлкен спортқа айналуына жол ашқан еді. Енді сол жолдың жалғасын Михаил Шайдоров Олимпиада алтынымен көмкерді. Денистің арманы мен еңбегі босқа кетпегендей сезім бар. Әлемнің алып спорт державасы болмасақ та, бұл спортта біздің де несібеміз барын көрсеттік. Енді осы дәстүр үзілмесін!
Құтты болсын, Михаил! Құтты болсын, қазақ елі!!!
