Бүгін Албанияның Тирана қаласында күрес түрлерінен кезекті рейтингілік турнир басталады. Өкінішке қарай, Асылжан Есенгелді жарысқа қатыспайды, деп жазады Sportbugin.kz.
Спортшының айтуынша, ол жаттығу жиыны кезінде жарақат алған.
«Жексенбі күні ұшуым керек еді. Бірақ жаттығуда алған жарақатым асқынып кетті. Спарринг кезінде қарсыласым байқаусызда қабағымды жарып жіберген. Екі күннен соң көзім ісіп кетті. Дәрігерлер іріңді алып, қайтадан тігіп берді. Осы жарыста олимпиадалық салмақ саналатын 65 келіде қатысуды көздеп едім. Сәті түспеді», — дейді Асылжан.
Айта кетелік, Албаниядағы рейтингілік турнир 1 наурызға дейін жалғасады.
Фото: Спортты дамыту басқармасы
