Қарағандыда ұлттық жекпе-жектен өткізілген облыстық турнирде 18 жастағы Арслан Атымтаев комаға түсті. Бүгінде спортшыға ота жасалып, ол есін жия бастаған. Осы орайда, Sportbugin.kz аталған жарыстың ұйымдастырушысы Әділет Нұрмәдиевпен тілдесті.
Әділеттің айтуынша, Арслан Атымтаев спортқа кеше келген жігіт емес. Жекпе-жектен спорт шеберлігіне үміткер, облыстық құраманың мүшесі әрі дене шынықтыру факультетінің студенті екен.
«Арслан финалдан соң есінен танып қалды. Қазір көпшілік айтып жатқандай, тыйым салынған әдіс қолданылған жоқ. Жедел жәрдемді де дереу шақырдық. Маған Арсланның қанындағы қант деңгейі бірден төмендеп кеткендей әсер қалды. Қолымызбен көтеріп, дереу дәрігердің үстеліне апардық. Сол кезде ол есінен танып, қорылдай бастады. Бірден жедел жәрдем шақырып, фельдшерлер ең жақын деген ауруханаға алып барды», — дейді Нұрмәдиев.
Турнир ұйымдастырушысының айтуынша, Арслан Атымтаевтың денсаулығында еш кінәрат болмаған.
«Қазір туысқандары түрлі нәрселерді айтып, дабыл қағып жатыр. Бірақ Арсланның денсаулығы жөніндегі құжаттар түгел, ешқандай қарсы көрсеткіш болған жоқ. Облыс құрамасының мүшесі болғандықтан, әрбір жыл басында олар толық медициналық тексеруден өтеді», — дейді ол.
Ұлттық жекпе-жек спортының кәдімгі аралас жекпе-жектен еш айырмашылығы жоқ. Ал бұл жарыс ұлттық федерацияның турнирлер тізіміне енбеген.
«Иә, бұл жарыс ел чемпионатына іріктеу болғандықтан, облыстық спорт басқармасымен бірлесіп өткізілді. 6-7 жылдан бері осы турнирді ұйымдастырып келемін, барлық ережелерді қатаң сақтаймыз. Оның үстіне, жарыс тікелей эфирден көрсетілді», — деді Әділет Нұрмәдиев.
Айта кетелік, бұған дейін Ұлттық жекпе-жек федерциясы бір жылға аккредитациясынан айырылған болатын.
