Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Қонысбек Төкенов командадағы мәселесі көп салмақты атады, деп жазады Sportbugin.kz.
Айта кетейік, маусым басталғалы отандық «классиктер» 2 рейтингілік турнирге қатысты. Сол сыннан соң қорытынды шығарған бас бапкер ауыр салмақта проблема барын жеткізді.
«Қазір біздегі проблемасы бар салмақ — 130 келі. Аса ауыр салмақтағы жігіттеріміз сәл ақсап тұр. Үш-төрт балуан бар. Бірақ әлі жұмыс істеу керек», — деді Төкенов.
Албаниядағы соңғы рейтингілік турнирде аса ауыр салмақтағы үш балуанымыз бақ сынады. Өкінішке қарай, Әлімхан Сыздықов, Олжас Сырлыбай және Джохар Уразовтар жеңіліп қалды.
Грек-рим күресінен аса ауыр салмақта Қазақстан намысын абыроймен қорғаған балуандардың бірі — Нұрмахан Тінәлиев. Ол әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы және Азия біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы.
