Бұл күндері Гонконгта триатлоннан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтіп жатыр. Аталған сында қазақ қызы Диана Ержанова тарихи нәтиже тіркеп, алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Жасөспірім қыздар арасындағы бәсекеде Диана 01:01.59 уақыт көрсеткішімен мәре сызығын бірінші болып қиды. Күміс медальді жапониялық Канаде Сигюра (01:02.16), қола жүлдені Оңтүстік Корея өкілі Суйюн Парк (01:02.43) иеленді.
Ең қызығы — бұл триатлоннан тәуелсіз Қазақстан тарихында қазақ спортшысы жеңіп алған Азияның тұңғыш алтыны. Бұған дейін жасөспірім қыздар арасында Қазақстан өкілдері тұғырдың биік сатысынан көрінбеген.
Диана Ержанованың жеке бапкері Мұрат Әубәкіровтің айтуынша, құрлық додасына кіл мықтылар жиналды.
«Азия құрлығында триатлоннан Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея спортшылары өте мықты келеді. Себебі, аталған елдерде спорттық медицина жақсы дамыған, инфрақұрылым да жоғары. Соған қарамастан, Диана қызымыз жапон және корей қыздарын артта қалдырды. Диана жарысқа үлкен жауапкершілікпен қарайды, тәртібі де өте жақсы. Әзірге, өз қатарластарының арасында үздік боп тұр. Ал еересектер арасына өту үшін әлі үлкен дайындық керек. Ең бастысы — психологиялық қысым көрсетпей, әрі қарайғы 4 жылдық макроциклде жүйелі жұмыс істеу кереке. Диананың осы жеңісінен соң, триатлоннан халықаралық дәрежеде бақ сынайтын тұңғыш қазақ қызы бар деп 100 пайыз айта аламын», — деді бапкер Мұрат Әубәкіров.
Аталған жарыста Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті. Жасөспірім ұлдар арасында Рамазан Айгенов қола медаль жеңіп алды. Ол алтын және күміс жүлде үшін таласта жапониялық спортшыларға жол берген.
