
Моңғолия астанасы Ұланбатырда өткен бокстан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Аталған жарыста Қазақстан құрамасының үкілеген үміті Төрехан Сабырхан финалда қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды, деп жазады Sportbugin.kz.
Жарыстан кейін боксшы жанкүйерлеріне алғыс айтып, әлеуметтік желісінде жазба қалдырды:
«Ассалаумағалейкум, біз үшін әрдайым тақым қысып, қолдау білдіріп отыратын Қазақ елім! Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл — ересектер арасындағы менің алғашқы біріншілігім. Қуған жетпес, бұйырған кетпес. Бұйырғаны күміс болды.
Мен бұл біріншілікте бар күшімді салдым. Аянбадым. Мен үшін де, ағам үшін де үлкен сабақ болды.
Біз ары қарай да тер төгеміз. Сабырхандарды ешкім сындыра алмайды. Тағы қолдауларыңыз үшін мың алғыс», — деді Төрехан Сабырхан.
