
Ташкент қаласында өтіп жатқан таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы медаліне қол жеткізді, деп хабарлайды Sportbugin.kz
48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Ерасыл Ерзат қола жүлдегер атанды. Жас спортшы жарыс барысында жоғары деңгейдегі өнер көрсетіп, бес жекпе-жектің төртеуінде жеңіске жетті. Ол Армения, Кот-д’Ивуар, Эквадор және Иран спортшыларынан басым түсті.
Жартылай финалда Ерасыл Оман өкіліне жол беріп, жарысты қола жүлдемен аяқтады.
16 жастағы спортшы үшін бұл — жастар арасындағы әлем чемпионатына алғашқы қатысуы әрі алғашқы жүлдесі.
Айта кетейік, Ташкентте өтіп жатқан дүбірлі додаға 119 елден мыңға жуық жас таеквондошы қатысуда. Әлем чемпионаты 17 сәуірге дейін жалғасады.
