Кәсіби боксшы әрі спорт сарапшысы Айдар Шәрібаев Азия чемпионатында кейбір қазақ боксшыларының әділетсіздік құрбаны болғанын ескеріп, World Boxing ұйымына назын айтты. Бұл туралы Sportbugin.kz жазады.
«Әлемдік ұйымдарды қай елдің өкілдері басқарса, сол елдің спортшыларын сүйрейді ғой. Кезінде әлемдік боксты пәкістандық басқарып, сол елдің боксшыларын тартатын. Тарту былай тұрсын, сүйрейтін. Қазір World Boxing-те біздің Геннадий Головкин отыр. Біздің қазақ боксшыларын сүйреудің қажеті жоқ, бірақ ұтқанын ұтқандай беріп отырса да, жаман болмайтын еді.
Головкиннің аты бар ғой. Қанша мемлекет мүше болған соң, қазақ боксшыларының бәріне алтын әперуге тағы болмайды. Басқаша түсініп қалуы мүмкін. Бірақ, осы жолы «всем сестрам по серьгам» деп бөліп берген бе, түсінбедім.
World Boxing-ке басшы болу да қиын. Мына жақта Өзбекстан тұр, Үндістан да дамып кетті. Қазақстанды сүйремей-ақ қой, бірақ, жеңіп тұрған жекпе-жектерді берсең де, әлемде бірінші боласың.
Егер бүкіл салмақта алтын алатындай болып тұрсаң, көзді бақырайтып қойып, алып кету керек. Онда тұрған ештеңе жоқ. Өзбектер де Олимпиадаға барып, бес алтын ала салды ғой. Жігіттердің бәрі сүйреуге жарап тұрған жігіттер, ұялмай-қызармай, ала беру керек», — деді Шәрібаев.
