Кәсіби боксшы әрі спорт сарапшысы Айдар Шәрібаев Азия чемпионатының қола жүлдегері Махмұд Сабырхан туралы пікірін айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
«Махмұд Сабырхан моңғол боксшысынан жеңілді деп айта алмаймын. Моңғолдар өз жерінде өтіп жатқан соң, бұра тартты. Бірақ сол бұра тартқанының өзін келістірген жоқ. 5:0 деп беретіндей жеңіс көрмедім, 3:2 есебін тіркесе де болар еді. Өз-өздерін ұстап беріп отыр. Бокста мұндай нәрселер бар. Көзді бақырайтып қойып, жеңісті алып қояды.
Жүгіруден жарыссаң, кімнің бірінші келгенін бәрі көріп отырады ғой. Ал бокста жеңіс тағдыры төрешінің қолында. Міне, мұндай жайттар бокстың беделін түсіреді. Махмұдтың жекпе-жегінен кейін осындай ой түйді бәрі.
Төреханның кездесуінен тек үзінділер ғана көрдім. Бұл жерде де 5:0 деген есеппен келіспеймін. Бірақ Олимпиаданың алдында мұндай жеңілістер де керек деп ойлаймын. Себебі, үнемі жеңіп жүргенде алмаған сабақты ұтылғанда аласың. Бұл оның әрі қарай дамуына, өсуіне жол ашуы мүмкін.
Оның үстіне, Төрехан бұған дейін жеңілмеген жігіт қой. Осы жекпе-жектен қорытынды шығаратыны анық», — деді Айдар Шәрібаев.
