Қазақстанның хоккейден ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының Бірінші дивизионын сәтті бастап, алғашқы кездесуінде жеңіске жетті. Қазақстан ұлттық хоккей құрамасы Литва құрамасын 4:1 есебімен ұтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Ойын Қазақстан үшін бірден оңай өрбіген жоқ. Кездесудің 2-минутында литвалықтар есеп ашып, алға шықты. Осыдан кейін қазақстандықтар ұзақ уақыт бойы қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады.
Тек үшінші кезеңнің басында, нақтырақ айтқанда 42-минутта Кирилл Савицкий таразы басын теңестірді. Бұл шайба командаға сенімділік сыйлап, ойын қарқынын өзгертуге ықпал етті.
47-минутта Артур Гатиятов Қазақстанды алға шығарса, матчтың соңғы бөлігінде біздің құрама басымдығын одан әрі нығайтты. 56-минутта Семен Симонов мергендігімен ерекшеленіп, ал 59-минутта Федор Хорошев қорытынды есепті белгіледі.
Келесі ойында Қазақстан құрамасы Жапониямен кездеседі. Матч ертең 15:30-да басталады.
Еске сала кетейік, элиталық дивизионға көтерілу үшін Қазақстан құрамасы Бірінші дивизионда алғашқы екі орынның бірін алуы қажет.
