Қазақстан хоккей құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының Бірінші дивизионындағы екінші ойынында Жапонияны ірі есеппен тізе бүктірді, деп жазады Sportbugin.kz.
Кездесу барысында алғашқы кезеңде қос команда да абайлап ойнағанымен, екінші периодтан бастап Талғат Жайлауов жаттықтыратын ұлттық құрама ойын тізгінін толық өз қолына алды.
Осы аралықта қазақстандық хоккейшілер қарсылас қақпасына жауапсыз үш шайба салды. Есепті Дінмұхамед Қайыржан ашты. Артынша 28-минутта Аңсар Шайхмедденов мергендігімен көзге түссе, 34-минутта Дмитрий Бреус үшінші шайбаны енгізіп, басымдықты айқын етті.
Үшінші кезеңде де Қазақстан шабуылды тоқтатпады. 54-минутта Әлихан Әсетов тағы бір гол соғып, есепті ұлғайтты.
Ойынның соңғы сәттерінде де қазақстандықтар екі рет нәтижелі соққы жасады: алдымен 57-минутта Роман Старченко мергендік танытса, көп ұзамай сол минутта Кирилл Ляпунов та қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Нәтижесінде матч 6:0 есебімен Қазақстанның пайдасына аяқталды.
Бұған дейін ұлттық құрама Литваны 4:1 есебімен жеңген болатын. Енді Талғат Жайлауовтың шәкірттері келесі ойынын 5 мамыр күні Польша құрамасына қарсы өткізеді.
