Қазақстан хоккей құрамасының бас бапкері Талғат Жайлауов әлем чемпионаты кезінде Никита Михайлис пен Валерий Ореховтың ұлттық командаға қосылу мүмкіндігі туралы Sports24.kz тілшісіне пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
Жайлауовтың айтуынша, бұл хоккейшілердің құрамға қосылуы бірқатар себептерге байланысты мүмкін болмаған.
«Біз КХЛ плей-офф сериясының қалай аяқталатынын білмедік. Оларда виза болған жоқ, нәтижесі қандай болса да, олар физикалық тұрғыда құрама орналасқан жерге келе алмайтын еді. Сонымен қатар, турнирге арналған құрамға өтінім де жабылып қойған», — деді бапкер.
3 мамыр күні Магнитогорск қаласында Гагарин кубогының жартылай финалдық сериясының бесінші матчы өтті.
Магнитогорск клубында Қазақстан құрамасының ойыншылары Никита Михайлис пен Валерий Орехов өнер көрсетті. Соңғы ойында Орехов дубль жасаса, Михайлис бір шайба соқты.
Клуб маусымы аяқталғанына қарамастан, олардың әлем чемпионатына қатысуы мүмкін болмады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын негізгі ойыншыларынсыз өткізеді.
