Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина егер теннисшілердің басым бөлігі Roland Garros турниріне қатысудан бас тартса, бойкотқа қосылуға дайын екенін мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
«Бұл — күрделі мәселе. Бұрын ойыншылар бірігіп, бойкот жариялауы мүмкін болған жағдайлар көп болған, бірақ ондай ешқашан болған емес. Шынымды айтсам, білмеймін. Егер көпшілік бойкот жариялауды шешсе, мен де қосыламын, ешқандай мәселе жоқ. Менің ойымша, қажетті өзгерістер тек Үлкен дулыға турнирлеріне немесе тек жүлде ақшасына ғана қатысты емес. Көп адам салықтың өте жоғары екенін білмейді. Көбірек ұтуға болады, бірақ оның көп бөлігі салыққа кетеді», — деді Рыбакина.
Бұған дейін әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко егер ұйымдастырушылар ойыншыларға бөлінетін жүлде қорын арттырмаса, турнирлерге бойкот жариялауға дайын екенін айтқан. Жетекші теннисшілер тобы, оның ішінде Соболенко, Янник Синнер және Коко Гауфф Францияның ашық чемпионатындағы (Roland Garros) жүлде мөлшеріне наразылық білдірген.
Ал Олимпиада чемпионы, «Үлкен дулыға» турнирлерінің екі дүркін жеңімпазы Евгений Кафельников болса «теннисшілерге бүгінгі табыстары бойынша шағымданудың жөні жоқ», — дейді.
Айта кетейік, Roland Garros турнирі
24 мамыр мен 7 маусым аралығында өтеді. Жекелей сында ерлер мен әйелдер арасындағы чемпиондар €2,8 млн алады, жұптық сындағы жеңімпаздар — €600 мың, ал аралас жұптық сындағы чемпиондар — €122 мың алады.
