Алматы қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен Қазақстан кубогында грек-рим күресінің 87 келі салмақ дәрежесіндегі финалда Алматы қаласының балуаны Шәміл Ожаев пен Қостанай облысының өкілі Тимур Оспанов өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Белдесу қарқынды басталып, Шәміл алғашқы сәттерден-ақ белсенділік танытты. Алматылық балуан қарсыласын кілем шетіне шығарып, алғашқы ұпайын еншіледі. Кейін Тимур Оспановтың сылбыр күрескені үшін тағы бір ұпайға қол жеткізді. Бірінші кезеңді 3:0 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Екінші кезеңде қостанайлық балуан есеп айырмасын қысқартуға тырысқанымен, Шәміл қорғаныста сауатты күресіп, басымдығын сақтап қалды. Қорытынды есеп — 3:1.
Айта кетейік, 87 келі салмақ дәрежесінде Шамиль Ожаев алтын жүлдеге ие болса, Тимур Оспанов күміс медаль еншіледі. Ал Нұрсұлтан Тұрсынов пен Ислам Евлоев қола жүлдегер атанды.
