Алматы қаласында өтіп жатқан Қазақстан кубогында әйелдер күресінен 50 келі салмақта финалда Марал Тәңірбергеноваға есе жіберген Зейнеп Баянова марапаттау рәсіміне қатыспай қалды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Белгілі болғандай, Зейнеп марапаттау рәсіміне өзі шықпай, орнына басқа спортшыны жіберген.
Бұл жағдайға қатысты Олимпиадалық дәрежедегі UWW төрешісі Ерік Жұмабеков пікір білдірді.
«Марапаттау рәсіміне қатыспай, орнына басқа адам жіберуі дұрыс емес. Біз бірден барып, екінші орынның медалі мен дипломын алған қыздан марапаттарын қайтарып алдық және федерацияға тапсырдық. Бұл — спорттық әдепке де, этикаға да жат әрекет. Сонымен қатар жарыс ережесіне құрметсіздік таныту болып саналады.
Әлемдік тәжірибеде мұндай жағдайлар бар. Егер спортшы екінші орын алып, пьедесталға өзі көтерілмесе, оны соңғы орынға дейін түсіріп жіберуі мүмкін. Ал үшінші орын иегері болса, жүлдесін мүлде жарамсыз деп тану ықтималдығы бар.
Сондықтан бұл жағдайды назардан тыс қалдырмаймыз, арнайы комиссия құрып, тиісті шешім қабылдаймыз», — деді Ерік Жұмабеков.
