Алматы қаласында өтіп жатқан Қазақстан кубогында әйелдер күресінен 50 келі салмақта Марал Тәңірбергеновамен Зейнеп Баянова арасындағы финалдық белдесу жанкүйерлер арасында қызу талқыланған еді. Осы даулы сәтке Олимпиадалық дәрежедегі UWW төрешісі Ерік Жұмабеков пікір білдірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Төрешінің айтуынша, белдесу барысында Зейнеп қарсыласының шашынан тартқан. Алғашында оған ауызша ескерту жасалған. Егер мұндай әрекет қайта қайталанса, қарсыласқа бір ұпай беріледі.
«Зейнеп бұған дейін де дәл осындай қателікке жол берген. Әлем чемпионатында да, Ислам ойындарында да шаштан тартқаны үшін ескерту алып, жеңіліп қалған. Әлем чемпионатында осы әрекеті үшін үш рет ескерту алып, жарыстан шеттетілген еді. Біз өз елімізде спортшыларға ережені басынан дұрыс үйретуіміз керек. Әйтпесе, мұндай қателіктер халықаралық жарыстарда қайталанып, әр жолы жеңіліске әкелуі мүмкін», — деді Ерік Жұмабеков.
