Мамыр айының соңында Ташкентте өтетін бокс кешінде Өзбекстанның бірден үш Олимпиада жүлдегері шаршы алаңға шығады, деп жазады Sportarena.kz сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Бұл кеште Парижде өткен Олимпиада ойындарының чемпиондары Абдумалик Халоков пен Лазизбек Муллажонов, сондай-ақ Рио-2016 Олимпиадасының қола жүлдегері Муроджон Ахмадалиев өз жекпе-жектерін өткізеді.
Ахмадалиев венесуэлалық Москедамен жұдырықтасса, Халоков үндістандық Ашиш Кумармен күш сынасады. Ал Муллажоновтың қарсыласы Луис Хосе Мартин Гарсия болмақ.
39 жастағы венесуэлалық боксшының кәсіпқой рингтегі еншісінде 17 жеңіс, 12 жеңіліс және бір тең нәтиже бар.
Ал Муллажонов кәсіпқой бокста сегіз жекпе-жек өткізіп, жетеуінде жеңіске жеткен.
Айта кетейік, 2025 жылы Лазизбек Муллажонов допинг қолданғаны үшін үш жылға дисквалификацияланған еді. Оның сынамасынан тыйым салынған метастерон препараты табылған. Алайда шеттету әуесқой боксқа қатысты болғандықтан, өзбек боксшысы допинг дауына қарамастан кәсіпқой рингте өнер көрсете алады.
