Соңғы кезде елдегі “ВД Инжиниринг” құрылыс компаниясына қатысты шу шықты. Бұл компанияның құрылтайшылары қатарында Қазақстан күрес түрлері федерациясы президенті Еркін Оқасов та бар. Осы орайда компания басшысы Ulysmedia.kz сайтына сұхбат беріп, өз шындығын айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Компания басшысы Азамат Үсімбековтың айтуынша, “ВД Инжинирингтің” үш құрылтайшысы бар. Олардың қатарында Еркін Оқасов пен Асқар Қолтасбаев та бар. Сұхбат барысында ол құрылтайшылардың ешқайсысының президент айналасындағы адамдарға қатысы жоқ екенін айтып, тараған ақпараттарды жоққа шығарды.
«Біз Ақтөбеде бірге жұмыс істедік, бірнеше жобаны бірге жүзеге асырдық. Кейін компанияны бірге сатып алып, серіктес болуға шешім қабылдадық. Қазір түрлі айып тағылып жатыр. Бірақ мен нақты қандай заңсыз әрекет жасадым, түсінбеймін. Президентке қандай көлеңке түсірдім? Сондықтан бүкіл Қазақстанға айтқым келеді: менің де, серіктестерімнің де президенттің туыстарына еш қатысымыз жоқ», — деді.
Сондай-ақ ол Еркін Оқасовпен көп жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатқанын айтты.
«Еркін Оқасовпен бірнеше жылдан бері бизнес серіктеспіз. Бірнеше жобаны бірге аяқтадық. Ақтөбеде танысып, содан бері жүйелі түрде бірге жұмыс істеп келеміз»,-деді компания басшысы.
Бұдан бөлек, жуырда Еркін Оқасовтың Қазақстандағы ықпалды адамдар тізіміне енуіне қатысты пікір білдіріп, бұл жаңалықтың өздері үшін де күтпеген жағдай болғанын жеткізді.
«Шынын айтсам, біз үшін бұл да шок болды. Ол ешқашан саясатта болған емес, түрлі билік құрылымдарында да жұмыс істемеген. Сондықтан оның бұл тізімге қалай енгенін түсінбедік. Мүмкін, қателік кеткен шығар», — деді Азамат Үсімбеков.
Айта кетейік, «ВД Инжиниринг» құрылыс компаниясының негізгі ірі жобаларының қатарына Қызылорда қаласындағы 11 мың адамға лайықталған заманауи футбол стадионы, Астанадағы «Қазанат» ипподромы, Шымкент қаласындағы параспортты дамытуға арналған арнайы спорттық нысан құрылысы бар.
