Алматыда күрес түрлерінен өткен Қазақстан кубогында екі бірдей легионер чемпион атанды, деп жазады Sportbugin.kz.
Грек-рим күресінен 87 келі салмақта Алматы қаласының намысын қорғайтын Шамиль Ожаев финалда қостанайлық Тимур Оспановтан басым түсті.
Ал еркін күрестен 65 келіде Шымкент өңірінің атынан белдесетін Начын Куулар шешуші белдесуде Қарағанды облысының балуаны Әділ Оспановты жеңіп, алтын жүлдеге қол жеткізді. Осылайша, ел кубогында қос легионер өз өңірлеріне алтын сыйлады.
Шамиль Ожаевтың ұлты — шешен. Ол Новосибирск қаласындаағы күрес мектебінің түлегі. Ресей атынан Еуропа және әлем чемпионаттарына қатысқан. 2024 жылдан бері Қазақстан намысын қорғайды.
Наачын Куулаардың ұлты — тувалық. Ол да Ресей атынан жастар арасындағы әлем және Еуропа чемпионы атанған. 2024 жылдан бері Қазақстан туының астына өтті.
Париж Олимпиадасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев легионерлерді және отандық спорттағы шетелдік спортшыларды мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыруға толықтай тыйым салатын заңға қол қойған болатын.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін Қазақстанның күрес түрлерінен ұлттық құрамасы сапында, әсіресе еркін күресте, Ресей Федерациясының Дағыстан, Солтүстік Осетия, Тува және Шешенстан секілді өңірлерінен шақырылған легионерлер өнер көрсетті. Олардың басым бөлігі спорттық мансабын аяқтағаннан кейін өз елдеріне қайта оралған. Мұндай спортшылардың қатарында Таймураз Тигиев, Геннадий Лалиев, Леонид Спиридонов, Мхитар Манукян, Даниал Гаджиев және Нұрислам (Артас) Санаев бар.
