Қазақстанның Ұлттық антидопинг орталығы допингке қарсы ережені бұзған спортшылардың жаңартылған тізімін жариялады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, бірнеше қазақстандық спортшы WADA кодексін бұзғаны үшін ұзақ мерзімге жарыстардан шеттетілген.
Тізімде күрес түрлерінің өкілдері де бар. Еркін күрестен Мирас Сұлтанбек пен Әлібек Әбдіқасымов спорттан уақытша аластатылды.
Мирас Сұлтанбек мельдоний қолданғаны үшін 2026 жылдың 9 қаңтарынан 2029 жылдың 8 қаңтарына дейін спорттан шеттетілсе, Әлібек Әбдіқасымов дростанолон үшін 2026 жылдың 20 қаңтарынан 2030 жылдың 19 қаңтарына дейін жарыстарға қатыса алмайды.
Ал грек-рим күресінің өкілі Ерзат Ерлановтың сынамасынан станозолол мен кломифен анықталғаннан кейін 2026 жылдың 20 қаңтарынан 2030 жылдың 19 қаңтарына дейін үлкен спорттан аластатылды.
Айта кетейік, әйелдер күресінде де допинг дауына іліккен спортшылар бар. Әлем чемпионы Мадхия Усманова мельдоний үшін 2025 жылдың 13 қазанынан 2029 жылдың 12 қазанына дейін шеттетілді.
Ал Диана Асылбекова фуросемид қолданғаны үшін 2026 жылдың 6 қаңтарынан 2028 жылдың 5 қаңтарына дейін жарыстардан тыс қалады.
