Әйелдер күресінен Қазақстан командасының үздігі Жамила Бақбергенова олимпиадалық салмаққа түбегейлі ауысқанын мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
«Қазір 68 келіде қалуды жоспарлап отырмын. Бапкерім Нұрсұлтан Теміров те менің бойыма, дене бітіміме дәл осы салмақ қолайлы деп есептейді. Бұл салмақта соңғы рет 2021 жылы күрескенмін. Одан кейін сыңарым Мадина Бақбергенова осы салмақта көш бастап, Азия чемпионы атанды. Сол себепті мен бұл салмаққа қайта оралмаған едім. Биылдан бастап олимпиадалық салмақта күресуді жөн көрдім. Олимпиадаға да аз уақыт қалды. Сондықтан салмақ ауыстырып, алдыңғы циклдегі қателіктерді қайталамауға тырысамын», — деді Жамила ҚР ҰОК сайтына берген сұхбатында.
Еске салайық, Жамила Бақбергенова 72 келі салмақта әлем чемпионатынан төрт рет жүлде алған. Ол бұған дейін олимпиадалық салмақ саналатын 76 келіде күрескенімен, Париж Олимпиадасына жолдама ала алмады.
