Украиналық боксшы Александр Хижняк соңғы жылдары қазақстандық былғары қолғап шеберлеріне қарсы бірнеше маңызды жеңіске қол жеткізді. Ол әлем чемпионаты, Олимпиада және халықаралық турнирлерде қазақ боксшыларымен кездесіп, барлығында басым түсті, деп жазады Sportbugin.kz.
Александр Хижняк пен Әбілхан Аманқұл арасындағы жекпе-жек 2017 жылғы әуесқой бокстан әлем чемпионатының финалында өтті. Гамбургте өткен бұл бәсекеде 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде украиналық боксшы төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды. Ал отандасымыз Әбілхан Аманқұл күміс жүлдені қанағат тұтты.
Ол 2024 жылы Париж Олимпиадасының финалында тағы бір қазақ боксшысы Нұрбек Оралбайды жеңді. Оралбай техникалық тұрғыдан өте сауатты қарсылық көрсеткенімен, Александр Хижняк өзінің фирмалық «машина» стилімен рингтегі қысымды үнемі жоғары ұстап тұрды. Хижняк өзінің жойқын физикалық дайындығы мен соққы жиілігінің арқасында жекпе-жектің тізгінін өз қолына алып, Олимпиада алтынын иеленді.
Украиналық боксшы осы жылдың мамыр айында «Белград жеңімпаздары» халықаралық турнирінде Нұрсұлтан Шілдебайды нокаутпен жеңіп кетті. Жекпе-жектің екінші раундында Хижняк қазақ боксшысын үш рет нокдаунға жіберген соң, төреші жекпе-жекті тоқтатты.
Осылайша, Хижняк қазақ боксшыларына ыңғайсыз қарсыластың бірі болып тұр.
