2027 жылдың сәуір айында Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді. Байрақты бәсеке халықаралық World boxing ұйымы аясында ұйымдастырылады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Аталған әлем чемпионаты 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына іріктеудің алғашқы кезеңі болмақ.
Жарыс Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді. Турнир барысында Олимпиадаға берілетін 44 тікелей жолдама сарапқа салынады. Оның 22-сі ерлерге, 22-сі әйелдерге арналған. Жекпе-жектер 7 ерлер және 7 әйелдер салмақ дәрежесінде өтеді.
Бұған дейін Халықаралық Олимпиада комитеті 2028 жылғы Олимпиада ойындарының бокс бойынша іріктеу жүйесін бекіткен болатын. Соған сәйкес, Лос-Анджелес Олимпиадасында барлығы 248 боксшы бақ сынайды: 124 ер және 124 әйел спортшы.
Олимпиадаға іріктеу кезеңі 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатынан басталады. Одан кейін 2027–2028 жылдары бес құрлықтық іріктеу турнирі өтеді. Ал лицензиялық кезең 2028 жылы екі әлемдік іріктеу жарысымен түйінделеді.
