Вьетнамда күрес түрлерінен U23 және U17 санаттарындағы Азия чемпионатында грек-рим күресінен U23 құрамасының балуандары финалдық белдесулерін өткізді, деп жазады Sportbugin.kz.
Қазақстан құрамасының қоржынына екі алтын медаль түсті. 60 келі салмақта Айбек Айтбеков үндістандық Сурадж Сураджды жеңіп, Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ 97 келіде Ислам Евлоев үндістандық Рохит Рохиттен басым түсіп, алтын жүлдеге қол жеткізді.
Ал 72 келіде Ибрахим Нұрмұхаммед финалда қырғызстандық Ырыскелді Хамзаевқа есе жіберіп, күміс медаль иеленді. 77 келіде Әлихан Дурсунов та шешуші белдесуде өзбекстандық Абдулло Алиевтен жеңіліп, жарысты күміс жүлдемен аяқтады.
