Ангелина Лукас әлеуметтік желіде Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жалақы мәселесіне қатысты жағдайға үн қатып, өзі де дәл осындай қиындықтарды бастан өткергенін айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Лукас кәсіби бокста тарихи жетістіктерге жеткеніне қарамастан, мемлекет тарапынан жеткілікті қолдау көрмегенін мәлімдеді.
«Министрлікте кәсіби спортқа қолдау көрсетілмейді дейді. Бірақ неге Жәнібек Әлімханұлы президентпен кездесті? Неге Шавкат Рахмоновқа мемлекет басшысы пәтер сыйлады? Ал мені жетістіктеріме қарамастан жолатпады», — деді.
Лукастың мәлімдеуінше, оның жетістіктері БАҚ-та жиі төмендетіліп, кей жеңістері мүлде айтылмаған.
«Көп адам менің WBC рейтингінде көш бастап, әлемнің үздік екі боксшысының қатарына кіргенімді де білмейді. Себебі ақпараттық қолдаудың орнына, мені керісінше төмендетуге тырысты», – деді боксшы.
