Вьетнамда күрес түрлерінен өтіп жатқан U17 санатындағы Азия чемпионатында грек-рим күресінен ел қоржынына алғашқы алтын медаль түсті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Құрлық біріншілігінде 51 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Қуанышбек Жаңажол чемпион атанды. Ақтөбе облысының жас балуаны жарыс барысында барлық қарсыласынан басым түсіп, финалда қырғызстандық Арсен Шараповты 2:0 есебімен жеңді.
Айта кетейік, бұл Қуанышбек Жаңажолдың Азия чемпионатындағы үшінші алтын жүлдесі. Ол 2024 жылы
15 жасқа дейінгі балуандар арасында 41 келіде Азия чемпионы атанса, 2025 жылы 17 жасқа дейінгілер арасында 45 келі салмақта топ жарған болатын.
Сонымен қатар, қазақстандық спортшы былтыр 17 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында да алтын медаль жеңіп алған еді.
