Қазақстан Премьер-лигасының 13-турында семейлік «Елімай» өз алаңында шымкенттік «Ордабасыдан» 1:3 есебімен жеңіліп қалды, деп жазады Sportbugin.kz.
Алайда матчтан кейін үлкен дау туындады. «Елімай» бапкері Андрей Карпович пен команда ойыншылары бас төреші Арман Исмуратовтың әрекетіне қатысты ауыр айыптаулар айтты.
Карповичтің сөзінше, төреші матч барысында футболшыларға бейәдеп сөздер айтып, қорқытқан.
«Мен ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келемін, бірақ мұндайды көрген емеспін. Бас төреші маған және ойыншыларға дөрекі сөйлеп, тіпті “сені жоямын” деген сөздер айтты. Ол “қалған чемпионатта “Елімайды” қыса беремін” деп те мәлімдеді», — деді Карпович.
Бапкердің айтуынша, бұл жағдайға бейжай қарауға болмайды және мұндай әрекеттер футбол беделіне нұқсан келтіреді.
Команда жартылай қорғаушысы Жан Али Пайруз да бапкердің сөзін растады. Оның айтуынша, төреші ойын кезінде де, ойыннан кейін де әдепсіз сөйлеген.
«Мұндай жағдайды алғаш рет көруім. Төреші ойыншыларға да, бапкерге де дөрекі сөйлеп, бейәдеп сөздер қолданды. Бұл біз үшін үлкен шок болды», — деді футболшы.
Қазіргі уақытта Қазақстан футбол федерациясы бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.
